07 Тамыз, 2017

Өзім дегенде... немесе self-made man

1201 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Мешкей деген жақсы ат емес» демекші, өзеуреген өзімшілдік те соншалықты тәлім алар тәуір қасиет емес. Әсіресе, өзінікін таңсық, өзгенікін қаңсық көретін сабырсыз, сауатсыз, сауапсыз өзімшілдік дүниеқоңыздықтан туар дүрдараздықты өршітіп, қоғамда қолайсыз ахуал қалыптастырады. Бірақ біздің айтайын дегеніміз басқа өзімшілдік...

Өзім дегенде... немесе self-made man

Қазақтың «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген мәтелін жұртшылық ыңғайына қарай әртүрлі мағынада қолдана береді. Біз жақсы мағынасында қолданғанды қош көріп отырмыз. Мы­салы, шариғатта әуелі тілекті өзіңнен бастап, содан кейін ата-ана, отбасы, ағайын-туыс, дос-жаранға тілеу сауапты іс саналады. Немесе ұшақта отырғанда қауіпсіздік маскасын әуелі өзіңіздің тағып, содан кейін жаныңыздағы сапар­ласқа жәрдемдесуді ескерту – авиация саласындағы бұлжымас ереже. Неге олай? Өйткені, кім болса да өзіне ешқа­шан жамандық ойламайды. Өмірде өссем, өркендесем, бір нәрсе тындырсам, қатарымнан қалмасам, байысам, бақытты болсам дейді. Жаратылыс заңы солай. Әңгіме тек сол табиғи өзімшілдікті ізгілікке, ілгерілеушілікке, мағыналы мақсаткерлікке бағыттай білуде.
Психология ғылымында индивидуализм және коллективизм деген бір-біріне қарама-қайшы ұғымдар бар. Әлемге белгілі Хофстед, Триандис сияқ­ты психолог ғалымдар осы екі ұғым­ның ара жігін ажырату бойынша әдіс­теме жасап, әлемнің 40-тан астам елінде сауал­нама жүргізеді. Нәтижесінде, инди­видуализмнің мәні – адамның жеке интеллектуалдық тәуелсіздігі, өмірде өзін өзі дәлелдеуі, дербес таңдауы, ой-пікірін айқын білдіруі тәрізді негізгі адами қасиеттерден құралатынын түйіндейді. Тіпті индивидуализм – дүниедегі барша тіршілік атаулыға ортақ сипат. Мате­ма­тик Лейбниц өзінің шәкірттеріне ағаш­тың бір-біріне дәлме-дәл келетін жапы­рақ­тарын тауып келуді тапсырыпты. Алайда, әрбір жапырақтың тек өзіне ғана тән пішіні мен сағағы болған­дықтан шәкірттер тапсырманы орындау мүмкін еместігін мойындапты. Енді инди­видуализмді қазақы қалыпқа салатын болсақ, әлгі өзіміз айтқан өгіз қара күші бар өзімшілдіктің құлағы қалқайып шыға келеді. Олай болса, өзімшілдік онша жаман қасиет емес екен ғой деген пайыммен ойымызды одан әрі сабақтасақ. 
Енді коллективизмге келейік. «Бәрін айт та, бірін айт, коллективтің жырын айт» деп жетпіс жылдай ортақ өгіздің жонын сипап, жолын тазалаған ұжымдық кезең қоғамды енжарлыққа, немқұрайдылыққа, бірсарындылыққа итермеледі. Дербес тұлғаның жаңа биіктерді бағындыруға деген мүмкіндігі, былайша айтқанда, маневры болмады. Қойшы қой бақты, диқан егін екті, токарь темір жонды. Қатардағы жұмысшы станокты қосып, өшіріп жүріп өзі де машинаның бір қосалқы бөлшегіне айналып кеткенін сезбеді. Бұған қоса, тамыр-таныстықпен диплом алып, талтаңдаған бастық болғысы келетіндердің саны артты. Көкем аман болса биікке көтереді, жәкем тұрғанда жерде қалмаймын деушілердің қатары көбейді.
Қазір ше? Капитализмнің қатал заңды­лығы көкенің көмегіне көне ме? Батыс елдерінде біраздан бері «self-made man» деген ұғым кең тараған. Қазақша аударғанда «өзін өзі жасаған адам». Ұлттық ұғыммен жеткізсек, бір құдайдан басқа тірі пенденің көмегінсіз көсегесі көгерген азамат. Бұл ұғымды бастапқыда Американың мемлекет қайраткері Бенджамин Франклин енгізген деген сөз бар. Адамның ішкі жан дүниесі мен сентиментализміне онша қызықпайтын Франклин негізінен, нақты тұлғаның өмірдегі әрбір іс-әрекетін, қиындықты жеңе білу тәсілін, нәтижелерге қол жеткізу жолдарын көбірек зерделеген. Тірлігін таза парақтан бастап, бүгінде байлығымен барша әлемді таңғалдырған Генри Форд, Билл Гейтс, Стив Джобс сияқты миллиардерлер осы «self-made man» тізімінің алдында тұрған алғырлар. Шығармашылық жағына келсек, әскери инженерден ұлы жазушыға айналған Федор Достаевскийдің тағдыры да осы тізімді толықтыра түспек.
Сонымен, self-made философиясы адамның ешкімнің ықпалына жығыл­май өз өміріне толықтай жауапкершілік алу, көлденең кедергілерді жеңіп, нақ­т­ы мақсатқа қол жеткізу нәтижесі­­мен өлшенеді. Күнін босқа өткізіп, сама­йын күнге ағартатын тоғышарлар self-made адам үшін бітіспес жау. Self-made man уақыттың сұранысында болу үшін күнделікті танымдық ақпараттың ора­сан ағынын өзінің зердесі арқылы өт­кізеді. Айталық, ол тіс дәрігері­нің кезе­гінде отырып, уақытын өлтірмей ғылы­ми журналдарды парақтайды, кептеліс­терде танымдық аудио кітап тыңдайды, қолы қалт етсе түрлі тренингтер мен семи­нарларға, курстарға барып біліктілігін арттырады. Яки, өзімшілдігі тікелей өзіне, дос-жаранына, тұтастай қоғамға пайда әкелмесе, зиян шектірмейді. Түптеп келгенде, бүгінгі заманның игілігі мен жемісін көретіндер де осы self-made man немесе Абайша айтқанда «өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген қағидатты ұстанатын «өзімшілдер» болмақ.